Алматы соңғы 10 жылда жалақының өсу қарқыны республикалық орташа деңгейден төмендеген. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, жалақының өсу қарқыны бойынша Алматы соңғы 10 жылда республикалық орташа деңгейден төмен болып келеді.
«Алматылықтардың нақты ақшалай кірістерінің жыл сайынғы өсуін қамтамасыз ету қажет. Бұл – кешенді жұмыс. Ең алдымен, жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялар тартудың жоғары қарқынын сақтап қалуға көңіл бөлу керек», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру жұмыстары инфляцияны тежеу шараларын жүзеге асырумен тікелей байланысты. Сондықтан жергілікті алыпсатарлардың әрекеті тек қалада ғана емес, бүкіл республика бойынша азық-түлік пен басқа да тауарлардың құнына әсер ететіндіктен, базарлардағы, оның ішінде «Алтын Ордадағы» баға белгілеуді жіті қадағалау қажет.
Премьер-Министр сонымен қатар бәсекелестікті дамыту үшін Алматы агломерациясының шығыс және солтүстік бөліктерінде қосымша сауда алаңдарын құру мәселесін пысықтау, сондай-ақ делдалдық схемаларды анықтау бойынша өңірлік комиссияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5% болды, яғни 986 587 адам.
Кедейлер саны көп өңірлер:
- Түркістан (8,5%);
- Маңғыстау (8,1%) облыстарында.
Кедейлер саны аз өңірлер:
-Астана қаласы (2,1%);
-Ұлытау облысы (2,2%).
Өңірлер бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі.
Кедейлік қаупіне үй шаруашылықтарының көлемі қатты әсер етеді. Осылайша, 5 және одан да көп адамнан тұратын үй шаруашылықтары арасындағы кедейлік деңгейі 2022 жылғы IV тоқсанының қорытындысы бойынша 8,9% болды, бұл жалпы кедейлік деңгейінен 2 есеге жуық артық.
Кедейлік деңгейі тұтынуға пайдаланылған ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен табысы бар халық санының халықтың жалпы санына пайызбен өлшенген қатынасы. ҚР бойынша 2022 жылғы IV тоқсанда айына орта есеппен жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 45 623 теңге болды.
Алматылықтардың ақшалай кірістерін жыл сайын арттырып отыру керек - Әлихан Смайылов
