«ҰЛЫ ҚАЗАҚ ОЙЫНДАРЫ» этнофестивалінде дәстүрлі садақ ату ұлттық спорты кеңінен насихатталды. Бұл ұлттық спорттың түрі – ата-бабамыздан қалған өнер. Осы спорттың арқасында қазақтың ұлттық киімі, садақ, оқ жасау өнері де жаңғырып келеді.
2024 жылы Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілмек. Дәстүрлі садақ атудан Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшелері, алдағы «дүбірлі додаға қатысып, бақ сынасуға дайынбыз» деп отыр...
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық еселеп арта түскен. Оның ішінде, мысалға, дәстүрлі садақ ату спорты қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан спорттың бірі. Ал ұлттық спорттың бұл бағытын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан ұйым «SADAQ ATÝ» қоғамдық бірлестігі.
«SADAQ ATÝ» Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың шілдесінде ҚР әділет министрлігінде ресми тіркеліп, жұмыс істей бастады. Осы ұйымның бастамасымен 2022 жылы Дәстүрлі садақ ату спорты Ұлттық спорт қауымдастығының олимпиадалық емес спорт түрі бойынша тіркеуден өтті.
Дәстүрлі садақ атумен айналысатын отандық спортшылардың айтуынша, садақ атудың дәстүрлі және классикалық түрлері бар және бұл екеуінің арасындағы айырмашылық әжептәуір.
Дәстүрлі садақ ату балалар мен жасөспірімдер үшін өте пайдалы спорт түрі. Омыртқаның дұрыс қалыптасуына әсер етіп, адамдардың ойлау, көру қабілетін жақсартады. Жақын әрі алыс қашықтыққа садақ ату арқылы спортшылардың көз жанары жаттығады. Сондықтан да, өз басым, бұл – әр адам ыңғайын таба алатын спорт түрі дер едім. Дәстүрлі садақ атуға келген адамға қойылатын жалғыз талап – ол сабырлы, ұстамды бола білуі керек.
Дәстүрлі садақ ату бойынша:
1-орын Қазақстан Республикасы құрамасы.
2-орын Қырғызстан.
3-орын Ұлытау облысы.
ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУ - ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН ОЯТАТЫН СПОРТ ТҮРІ
