Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жүргізіліп жатқан білім ошақтарының құрылысымен танысты. Алдымен М.Х.Дулати атындағы № 8 мамандандырылған мектеп-гимназиясының қосымша корпусының құрылысын тексерді. Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан ғимарат мыңнан аса оқушыға арналған. Жобаға сай мұнда 250 орындық акт залы, спортзал, кітапхана және 320 орындық асхана қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысы екі жыл бұрын басталған нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді тапсырды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 7000-нан астам педагогы біліктілігін арттыру курстарынан, 1500-ден аса маман қайта даярлаудан өтеді. Соңғы үш жылда қала аумағында 81 мектептің ашылуы үш ауысымды және орын тығыздығы бар мектептер санын азайтты. Жол картасы аясында тағы да 80 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. 38 мыңға жуық оқушыны қамтитын 25 мектеп «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде салынады. Сонымен қатар 30 орта білім беру мекемесіне кешенді жаңарту жүргізіледі.
«Қаламызда демографиялық және миграциялық өсімдерге байланысты бала саны жыл сайын артып келеді. Осыны ескеріп, 2029 жылға дейін 80 мектептің құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Республикалық бюджетке тиісті ұсыныстар берілді» - деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Білім беру мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігі де басты назарда. Қазір қаладағы барлық мемлекеттік білім беру нысандары бейнебақылау, дабыл түймелері, турникеттермен жабдықталған. Жол картасы аясында мектептерге қосымша 2,5 мың бейнебақылау жүйесін сатып алу жоспарланып отыр. Балабақшаларда тағы 7 мың бейнебақылау жүйесі орнатылады.
Сондай-ақ қала әкімі жауаптылармен бірге № 45 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысын да қадағалады. Ғимаратта оқу сыныптарынан бөлек, жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қамтылған.
Құрылыс алаңдарын аралаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, барлық нысандарды өндірістік кестеге сай қыркүйекке дейін қолданысқа беруді тапсырды.