Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан салынып жатқан өрт сөндіру бекеттерін аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. 4 автомобильге арналған депо Түркістан көшесі бойында салынуда. Соңғы үлгіде жабдықталатын ғимаратта қызметкерлер кабинеттерінен бөлек акт залы, қоймалар, оқу сыныбы, мұрағат пен асхана қамтылған. Жоспарға сай нысан биыл мамыр айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы әкімшілік-іскерлік орталығындағы өрт депосы мен қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстарымен де танысты. Бұл бекеттер өрт сөндірушілердің жұмысын жеделдетуге мүмкіндік береді. Нысандарды аралау барысында қала әкімі жауаптыларға ғимараттардың барлық талаптарға сай бой көтеруін бақылауды, құрылысты уақытында аяқтауды тапсырды.
Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қызметкерлері мен төтеншеліктер Тұран, Қазығұрт шағынаудандарында газ тұтыну қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Сондай-ақ бұл шараға санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлері мен Жастар ресурстық орталығының еріктілері қатысып, тұрмыстық газды пайдалану барысында аттестатталған, мамандандырылған мекемелермен шарт жасау туралы жадынамалар таратты.
Шымкентте қалалық ТЖБ мен ӨСБ-2 жеке құрам қызметкерлері тұрғындарға газбен уланудың алдын алу және су тасу қауіпі бар аймақтарда қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Мамандар Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, пеш пен электр жабдықтарын пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелеріне мұқият болуды, сонымен қатар улы газбен уланып қалмаудың жолын түсіндірді.
Бұдан соң “Көксай-2”-дегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен кездесіп, су тасқынын болдырмау мақсатында олардың дайындық шараларын пысықтады. Есік алдына жиналған қарларды тазарту жұмыстарына атсалысты.