Қалада 130 тұрғын қайтарымсыз сертификат арқылы баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар саны-51, ерекше бала асыраушы отбасылар – 64, толық емес отбасылар саны- 11, бюджеттік ұйым қызметкерлері - 4.
Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.
Тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес қайтарымсыз 1 млн. теңге әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушінің және отбасы мүшелерінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 125 757 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді.
Тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында алғаш рет реновациялау бағдарламасы іске қосылуда. Қазір бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылды. Қала аумағындағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қала басшысы жауаптыларға реновация бағдарламасының ережесін қайта қарауды және инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп, тиімді ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Жаңа бағдарлама қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр. Бағдарлама шартына сәйкес, құрылыс жұмыстары меншік иелерінің келісімі бойынша жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі. Авариялық және тозығы жеткен үйдің орнына салынып жатқан нысаннан қолданыстағы баспанасының көлеміне сай жаңа пәтерлер бөлінеді. Сондай-ақ, қосымша ақы төлеген жағдайда тұрғындарға пәтерін кеңейтуге мүмкіндік беріледі.
Өтініш www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылданады.