Жергілікті мамандар қырық жылдан астам уақыттан бері «Арыс МТ» барокамерасының көмегімен күйік шалған ауыр жағдайдағы науқастарды емдеп, ажалдан арашалап жүр.
Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығындағы бұл кешенде қан қысымы көтерілген, қант диабетіне шалдыққан пациенттерге де терапиялық емдеу жүргізіледі. Әуе ұшағына ұқсас жасалған апаратта дәрігерлер бір мезетте терапиялық ем-шаралармен қатар ота да жасайды.
1994 жылы дәл осы барокамерада ауыр жағдайдағы жүкті әйелдерге кесір тіліктері де жасалған. Бұл өз кезегінде ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге сеп болған.
Осыған дейін дәрігерлер кешеннің көмегімен түрлі диагнозға шалдыққан ауыр жағадайдағы мыңдаған науқастың өмірін аман алып қалған.
Сондай-ақ, қаладағы №1 және №2 оңалту орталықтарында 18 жасқа дейінгі балаларға бастапқы медициналық қалпына келтіру және оңалту емдері жүргізіледі. Бұл мекемелерде мультитәртіпті команда жұмыс істейді. Реабилитологтар, дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевттер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік және түзету педагогтері, ойын және музыка терапевттері, монтессори-терапия мамандары кешенді ем шараларын жүргізеді.
Шымкентте «Отбасылық және гендерлік саясатты дамыту, қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру» жобасы іске асырылуда. Әйелдер денсаулығын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған кешенді іс шаралар да өз нәтижесін беруде. Қалада ана өлімі көрсеткіші былтыр 15,6-ға дейін төмендеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы қаладағы 4 репродукция орталығы арқылы іске асырылады. Сонымен қатар алдағы уақытта 200 төсектік перинаталдық орталықты салу жоспарланып отыр.
Бүгінде қаладағы емдеу мекемелерінде медицина қызметкерлерінің саны 15256 адам, оның 4760-сы дәрігерлер, 10496-ы орта медицина қызметкерлері. Былтырғы жылы 6 мыңнан астам медицина маманы біліктілігін арттырып, емдеудің тың тәжірибелерін меңгерген. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспар аясында биыл да жалғасатын болады.