Отбасылық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап – ғажайып әлем» атты кеш өтті. Мерекелік кешке Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, балалар ақыны Дәркен Танабаев пен фантаст-жазушы Сарманбай Исақ және А. Байтұрсынов атындағы №50 көпсалалы мектеп-гимназиясы, Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.
Кеш қонақтары жас оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндірді.
— «Кітап – ғажайып әлем» іс-шарасы өскелең ұрпаққа өте қажет. Өйткені, жастарды кітап оқуға кішкентай күнінен баулыған абзал. Қазіргі заманда ғылыми техниканың ерекше дамыған заманы болып тұрғандықтан көбіне жасөспірімдер кітапқа емес, ғаламтор желісіндегі ақпараттарды оқуға қызығады. Жастарды кітап оқуға баулысақ, адамгершілігі, ой-өрісі, сана-сезімі өте жоғары деңгейде дамитыны сөзсіз. Еліміздің келешекте дами түсуіне оқыған, түйгені көп жастар ауадай қажет,- дейді жазушы Сарманбай Ережепұлы.
Мерекелік кеште мектеп оқушылары Дәркен Танабаевтың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, ән мен күйден шашу шашты.
— Ата-аналар тарапынан балаларға кітап оқытудың маңызы зор екенін насихаттап отырмыз. Біздің кітапхана қорында 70 мыңға жуық кітап бар. Балалар әдебиетіне, танымдық кітаптарды іздеп келетін жас оқырмандарымыз да жетерлік. Технология дамыған дәуірде кітапқұмар өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады, - дейді Отбасылық балалар кітапхансының кітапханашысы Гүлдәурен Асқарбекқызы.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жиыннан жас оқырмандар мол мағлұмат жинап, рухани азық алып тарқасты.
Сондай-ақ, Отбасылық кітапханада 24-30 наурыз Халықаралық балалар кітабы апталығына орай «Менің сүйікті кітабым» атты әдеби лото № 50 мектеп- гимназиясының 6 «в» сынып оқушыларының қатысуымен өткізілді.
Кітап адам баласының ақыл ойынан туындаған бар байлықты сақтап, оны ұрпақтан - ұрпаққа жеткізіп отыратын білім мен тәрбие құралы.
Адам кітап оқу арқылы өзін білімді мейірімді, төзімді, ұстамды, кішіпейіл болуға және жаман әдеттерден аулақ болуға үйретеді.
Шара барысында кітапханашы балалармен танымдық ойындар жүргізді.
Қапшыққа салынған түрлі-түсті асықтардан асық таңдап алып, түсіне қарай билетте жасырылған «Мақал – мәтелдер жалғасы» бойынша мақал- мәтелдердің жалғасын айту. «Кім жылдам» айдары бойынша сұрақтарға жауап беру.
«Кітап бетінен» Абай Құнанбаевтың «Қыс», Ж. Жабаев «Өсиет», М. Жаманбалинов «Бүркіт», А. Естенов «Есім хан», Ғ. Жандыбаев «Қарыз» өлеңдерін оқу.
Оқушылар өз белсенділіктерін, білетіндіктерін көрсете білді.
«Кітап – рухани жаңғыру құралы» атты кітап көрмесінен оқушылар кітаптар тандап, оқуға алды.