Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов “Shymkent” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен №14 емдеу орталығының инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуын тексерді. Алдымен Құрсай шағын ауданындағы тәулігіне 450 келушіге арналған емхана құрылысымен танысып, жұмыс барысын бақылады. Мұнда қазір бригадалар жер қазу жұмыстарын жүргізуде. Заманауи талапқа сай жабдықталатын емханада жоспарға сәйкес цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, аудиометр, ЛОР комбайн, электроэнцефалограф орнатылады. Мұнда 150 адам жұмыспен қамтылады. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Ынтымақ-2 шағын ауданында тәулігіне 350 келушіге арналған емхана бой көтеріп келеді. Мұрат Дүйсенбекұлы нысанда болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Жеті блоктан тұратын ғимаратта отбасылық денсаулық орталығы, стационарлық бөлімше, консультациялық-диагностикалық бөлімше қарастырылған. Соңғы үлгіде жабдықталатын емхана биыл қолданысқа беріледі.
Емдеу орталықтары аталған аумақтардағы емханалардың жүктемесін жеңілдетіп, жергілікті тұрғындарға медициналық қызметтерді қолжетімді етеді. Құрылыс барысын көрген қала әкімі жауаптыларға ғимараттардың талапқа сай жабдықталуын қадағалап, жұмыстарды сапалы әрі өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, Шымкенттің фармацевтикалық кәсіпорындары былтырғы жылы 58 млрд. теңгенің препаратын өндірді. Бүгінде елімізде шығарылатын дәрілік заттардың жалпы көлеміндегі мегаполис үлесі – 35,7%-ды құрайды. 6 міндет пен 39 іс-шараны іске асыруды қамтитын Жол картасын орындау мақсатында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Шымкентте «Отбасылық және гендерлік саясатты дамыту, қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру» жобасы іске асырылуда. Әйелдер денсаулығын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған кешенді іс шаралар да өз нәтижесін беруде. Қалада ана өлімі көрсеткіші былтыр 15,6-ға дейін төмендеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы қаладағы 4 репродукция орталығы арқылы іске асырылады. Сонымен қатар алдағы уақытта 200 төсектік перинаталдық орталықты салу жоспарланып отыр.