Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі – күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ.
Шымкентегі этноауылда ұлттық мерекеде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда. Ақ шаңқан үйлер тігілді. Ұлттық спорттан бәсеке қызып, алтыбақанда тербелген жастар ән салуда.
Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады.
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын.
Айта кететін, киіз үй-көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй.Оның қабырғасы торлап көктелген керегеден тұрғызылады.Кереге әдетте екі түрлі болады.
Оның бірі кең көзді кереге «желкөз» -деп аталады.Бұл артуға жеңіл, бірақ сәнсіз, сүйегі жеңіл болғандықтан желге төзімсіздеу болып келеді.
Екінші түрі тар көзді кереге «торкөз»- деп аталады, ол артуға ауырлау болғанымен , желге өте төзімді.Кереге жиналмалы бөлек-бөлек қанаттардан жасалады.Ал керегеден жоғары сидам, жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылады.Уықтардың басы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастырыла байланып, ұшы (қаламы) шаңырақтың көзіне шаншылады.