Бүгін - Ұлыстың ұлы күні. Жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы Наурыз бүгінде нағыз халықтық мерекеге айналды. Тұрғындар мен қонақтар қаланың әр аумағында ұйымдастырылып жатқан түрлі мерекелік шараларды тамашалап, Наурыз тойын тойлауда.
Үш күн бойы жаңа Ипподром аумағындағы «Қалашым» алаңында өтіп жатқан «ҰЛЫ ҚАЗАҚ ОЙЫНДАРЫ» этнофестивалін тамашалауға бүгін де халық көп жиналды. Жұртшылық театрландырылған жылқы шоуын тамашалап, рухани шабыт алды. Бәйге алаңына еліміздің әр аймағынан жиналған, арнайы Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Маңғолия мемлекеттерінен келген ат құлағында ойнайтын алғырлар көкпардың көркін қыздыруда.
Қазақ күресі, садақ ату, асық ату, тоғызқұмалақтан өтіп жатқан сайыстар да өз мәресіне жақындауда. Сондай-ақ іс-шара аясында ұйымдастырылған «Қазақтың дархан дастарханы» атты шеберлік сабағы да шарықтау шегіне жетіп, дайындалған тағамдар Наурызға тарту ретінде ұсынылуда.
Ұлттық киім үлгілерінің сән көрсетілімі мерекені тіпті айшықтай түсті. Еліміздің білікті дизайнерлері мен сән әлемінің үздіктері бүгін ұлттық киім үлгілерінің түрлі номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтайды.
Жаңа Ипподромда өткен «Ұлы дала ойындары» этнофестивалі аясындағы көкпар жарысына еліміздің әр аймағынан сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Маңғолия мемлекеттерінен спортшылар қатысты.
Үш күнге созылған аламан бәйгеде Жамбыл облысының «Әулие ата» ұлттық құрама командасы 1-орын, Қырғызстан командасы 2-орынды иеленді. Халықаралық жарыста Шымкент қаласының құрама командасы жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Ұлттық ойындар – ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі. Оның бастауы тым тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр. Осы ойындар негізінде әр халық әртүрлі жаттығулар жасау жолымен дене- шынықтыру ісінің негізін салды. Бұл бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсарта түсуде пайдасы зор екені белгілі. Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына. Сондықтан халықтық мұраны үйренудің әрі күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуде орасан пайдасы тимек. Ойын әр баланың алдынан өмірдің жарқын сәттерін ашып, жеке қасиеттерімен біте қайнасып, әрі қарай дамуымен ұштасады.