Абай ауданының тұрғындары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын тойлады. Аудан тұрғындары отбасыларымен Асар шағынауданындағы орталық алаңға келіп, күн мен түннің теңелген, көктемнің басты мерекесін атап өтіп жатыр.
Аудан әкімі Бұхарбай Парманов тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл күн береке мен бірліктің, мейірімділік пен өзара сыйластықтың қасиетті мерекесі екенін атап өтті.
–Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Бүгінде ежелгі мейрам біздің жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, Отанымыздағы достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөлге ие болды. Кез келген мемлекеттің басты құндылығы оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы бейбітшілігі мен келісімінде. Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік Елден асқан мақсат жоқ! Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін, - деді аудан әкімі.
Думанды мерекеге келген қонақтар №89 мектеп-лицейі мен дарынды балаларға арналған №90 мектеп-гимназиясының оқушыларының концерттік бағдараламасын тамашалады.
Бүгінгі мерекеде Абай ауданының тұрғындары да бастама көтеріп, киіз үйлер тігіп, дастарқан жайып, мерекені бірлесіп атап өтуге үлес қосты. Келген жұртқа наурыз көже, сумелек, бауырсақ пен палау таратты.
Айта кетсек, Шымкентте бесінші ауданның құрылуынабайланысты Абай ауданының аумағы өзгерді. Бұрын ауданда 34 елді мекен болса, қазір 27 елді мекенді құрап отыр. Асар шағынауданы да аумақтық бөліністе Абай ауданының аумағына енген.
Жалпы әз-Наурыз туралы ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, күн мен түннің дәлме-дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуі тиіс. Оны «әз» деп атайды. Көшпенді қазақ халқы «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деп жорамалдаған. Бұл ерекше гуіл 22 наурызға дейін үш күннің ішінде естіледі екен. Сондықтан халық арасында «Әз болмай, мәз болмайды» деген сөз қалған. Әз өткенде жер көктеп, гүлдер бүршік жарып, күллі тіршіліктің тұла бойына жан бітеді.
Жыл басын думандатып қарсы алған халық алтыбақан тебісіп, ән-жырдан шашу шашады, бір-біріне наурыз жұмбақ жасырып жарысады.