ШЫМКЕНТ: ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР НАУРЫЗ ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

ШЫМКЕНТ: ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР НАУРЫЗ ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтіп жүр. Бүгін Шымкент қалалық ҚХА жанындағы құрылымдар, этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Достық үйінің» алдына киіз үй тігіліп, салтанатты жиын ұйымдастырылды.
«Армысың, әз – Наурыз!» атты салтанатты шараға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 17 этномәдени бірлестіктің төрағалары мен өкілдері, 7 қоғамдық құрылым — Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» ұйымы, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Кәсіпкерлер ұйымының мүшелері атсалысты.
— Наурыз мейрамы — өткенді саралап, бүгінді бағамдайтын және Күн мен Түн теңеліп, айнала жаңаратын игі мереке. Наурыз — ынтымақ пен бірліктің, достықтың мерекесі. Еліміздің ынтымағын нығайтып, татулығын сақтауда еңбек етіп жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдерін Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесімен құттықтаймын, - деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы М.Шотанов.
Жиылған қауым «Достық үйі» және «Бірлік үйі» атауымен тігілген қос киіз үйге бас сұғып, онда этномәдени бірлестік өкілдері жайған дастарханнан дәм алды. Сондай-ақ, «Наурыз кәдесі» үлестіріліп, ұлттық ойындар ойнатылды.
Айта кететін, Наурыз мейрамы - көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша «наурыз» бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн бойы тойланып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қостанай облысының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалды. Ауыл шаруашылығы...