Бүгін Абай ауданы жастар ресурстық орталығы мен Абай ауданы жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Қазығұрт» шағын ауданы жастары мен тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мақсаты - жұмыссыз жастар санын азайту және мемлекеттік бағдарламалар бойынша толыққанды ақпараттар беру.
Түсіндірме жұмыстары барысында сала мамандары мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты» мен «Күміс жас» жобалары туралы толыққанды мағлұматтар беріп, кездесуге келген азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде биыл 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланды. Ол шараларға бүгінге дейін нақты 4 870 адам қатысты, тиісінше, жоспар 14,5 пайызға орындалып отыр. Кәсіби білім беру бойынша 2 392 адамды оқуға жолдау жоспарланған. 1 632 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындарында оқытылса, 1 976 адам онлайн оқуға қатыстырылмақ. Көпшіліктің көкейінде жүрген кәсіпкерлікті дамыту бойынша 3050 адамға қолдау көрсетіледі. Оның ішінде 1 900 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытылса, 1 150 адамға өтеусіз негізде мемлекеттік грант беріледі.
1-14 сәуір аралығында вusiness.enbek.kz порталында азаматтардан өтінімдер қабылданып, 26-28 сәуір аралығындағы күндері комиссияда қаралды. 437 өтінім қабылданып, 336-сы комиссияға ұсынылды. Қаралым нәтижесінде тиісті санаттарға жататын 226 азаматқа оң шешім қабылданып, 110-на бас тартылды. Грант бөлінетін азаматтардың ішінен 69-ы жастар санаты болса, 157-сі халықтың осал топтарынан болып отыр.