Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдің бір топ жазба және айтыскер ақындарымен және жыршы-термешілермен кездесті. Кездесуге өңірдің 40 - тан астам ақын-жазушылары мен термешілері және Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысты. Аталған шараны Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдәзім жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары жиынның маңыздылығына тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысының Түркістанға сапарында қаламызға тарихи елорда мәртебесін беру туралы бастамасын айтып, міндеттер жүктеді. Бұл бастама киелі шаһардың рухани әлеуетін одан ары арттыруға сеп болмақ. Осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілетуге сіздердей қаламгерлердің, айтары бар айтыс ақындарының қосар үлесі мол. Сонымен қатар биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен өңір руханиятын өркендету бағытында бірнеше ауқымды шаралар жүзеге асады. Бүгінгі басқосуымыздың негізгі арқауы – өңірдің рухани әлеуетін арттыруға қосатын сіз бен біздің үлесіміз жайлы болмақ, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Жиын барысында осы бағытта шығармашылық өкілдері еркін пікір алмасып, ұсыныстар айтылды. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиалының төрағасы Әбдіхалық Әбдірайымұлы айтыс өнеріндегі қордаланған мәселелерді айта келе, облыстық айтыс өткізуді, сондай-ақ шалғайдағы ауылдарда жас ақындарды тарту, таланттарды баулу, жыл сайын республикалық «Наурыз» айтысын ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірді.
Белгілі айтыскер Маржан Есжанова айтыскерлерге «Turkistan» телеарнасынан арнайы бағдарлама ашу, айтыскер ақындарға жылына бір рет арнайы стипендия тағайындау жөнінде айтып өтті. Ал Бекмұрат Анарбаев пен Жақып Спатаев Түркістан мақамдарына тоқталып, осы саладағы оқулықтың тиражын арттыру және термешілер байқауын өткізуді ұсынды.
Ақын Абай Қалшабек өңірдегі жазба ақындарының кітабын шығару мәселесіне тоқталса, Әлімжан Әлішер белгілі қаламгер Мархабат Байғұт атындағы әдеби фестиваль ұйымдастыруды, жазба ақындары мен жазушыларға стипендия тағайындауды ұсынды.
Айтыскер ақын Біржан Байтуов: «Жергілікті ақындарды арнайы марапаттарға ұсыну – олардың еңбегіне деген лайықты баға деп білемін. Сонымен қатар күйдің отаны саналатын Созақ өңірінде күйшілер байқауын ұйымдастырып, өнердің осы саласына да көңіл бөлген жөн» деп көптің көңілінен шығар ұсыныстар айтты.
«Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков айтылған ұсыныстардың қағаз жүзінде ұсынылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырудың жолдары қаралса деген тілегін жеткізді.
Ұсыныстарды мұқият тыңдаған Бейсен Тәжібаев облыстың 5 жылдығы аясында бірнеше ақын-жазушы мен жыршы-термешілердің кітабы жарыққа шығатынын, облыста айтыстар ұйымдастырылатынын, аудан-қалаларда жас өнерпаздарға қолдау көрсетілетіні, күйшілер байқауы өтетіні туралы айтып өтті.
Ақындардың мерейтойларын кітапханаларда тұрақты атап өту, шығармашылық өкілдерін марапаттарға ұсыну бағытында жүйелі жұмыс жүретінін айтты. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысының әдеби-мәдени әлеуетінің артуы жолында бірлесе отырып, қызмет етуге шақырды.
Жиынға қатысқан ақындар мен қаламгерлер ұсыныстарын тыңдап, қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Кездесу соңында жиынға қатысушылар «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған облыстың ақын-жазушыларының шығармашылығына арналған көрмені тамашалады, деп хабарлайдыТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.