Түркістан облысында білім мекемесіне директорлыққа үміткерлермен «Әңгімелесу» кезеңі әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Бұл - кандидаттар арасындағы байқауды әділетті өткізу мақсатында қолданылған әдіс. Конкурстың бұл кезеңінде 35 мекемеге 60-қа жуық үміткер келген.
Бүгінде облыс бойынша бірқатар мектеп, колледж және балабақша директорының орны бос тұр. Ол жерге бірінші басшы тағайындау үшін байқау жарияланып, үміткерлерді таңдайтын комиссия құрамына осы саланың білімді азаматтары шақырылған. Комиссия төрағасы болып Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Ахметов сайланды.
Конкурсқа қатысқан барлық үміткерлер өз деңгейлерін тікелей эфир арқылы көрсетіп, сұрақтарға тиісті жауаптар берді. Жиында арнайы құрылған комиссия мүшелері әділ баға беріп, таңдау ашық форматта өтті.
Айта кетсек, болашақ директорлармен «Әңгімелесу» кезеңін әлеуметтік желіде көрсету әдісі конкурсқа қатысушылар тарапынан да қызу қолдау тауып жатыр.