Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов айтты.
Иммундау апталығы жыл сайын сәуірдің екінші жартысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен өткізіледі. Халықты жаппай вакцинациялау шарасы мыңдаған адамды көптеген эпидемиологиялық аурулардан сақтауға бағытталған. Аталған апталық биыл 23-29 сәуір аралығында жүргізіледі. Сондай-ақ, ұйымның мәліметтері бойынша, иммундау жыл сайын дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша ауруларынан 2-ден 3 миллионға дейін өлімнің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Вакцинаны уақытылы алатын балалар саны осындай иммундау апталықтарының арқасында артты. Жыл сайын дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы егулер әлем бойынша 100 миллионнан астам балаға жасалады. Полиомиелит дерті бойынша әлем елдерінің басым бөлігі жойылды деген бағаға қол жеткізсе, дифтерия, сіреспе аурулары бірлі-жарым деңгейге дейін төмендеген. Мысалы, қызылшаға қарсы вакцинацияның арқасында 2000-2016 жылдары әлемде өлім-жітім саны 84%-ға азайған. Дүниежүзілік иммундау аптасына 180-нен астам ел қатысып, денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен, жыл сайын әр түрлі девиздермен өткізіледі. Өкінішке қарай, қоғамда әр түрлі эпидемиялық ауруларға қарсы салынатын екпеден бас тартушылар саны әлі де көп, - деді Бахтыораз Мизамұлы.
Ал Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева өңір бойынша 637 адам вакцина салдырудан бас тартқанын айтты. Екпеден бас тартушылардың едәуір бөлігін 15 жасқа дейінгілер құрайды.
– Талдаулар нәтижесінің басым көпшілігі діни көзқарастағы және жеке нанымдағы азаматтар екенін көрсетіп отыр. Екпеден бас тартқандар арасында сауалнама да жүргізілді. Басым бөлігі интернет желілерінде авторы белгісіз, вакцина туралы теріс пікір қалыптастыруға арналған видеоларға сенген, кейбірі алып-қашпа әңгімелердің әсері болғанын алға тартты. Уақытылы, әрі тиісті контингенттің вакцина алуы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына, жұқпалы аурулардың жеңіл өтуіне үлкен септігін тигізеді. Вакцинация азаматтардың тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Облыс тұрғындарын, ата-аналарды белгіленген жоспарлы екпелерді уақытылы алуға, сондай-ақ әртүрлі себептермен екпе алмай жүрген мерзімдерін өткізіп алған тұлғаларды екпе алуға шақырамыз, - деді Салтанат Өсетілләқызы.
Айта кетейік, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары тарапынан екпеден бас тартушылармен түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 26 азамат екпе салдыруға келісім берген, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.