Бүгін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков Боралдай ауылдық округіне қарасты О.Тайманов елді мекенінің тұрғындарын қабылдады.
Қабылдауда Тайманов елді мекенінің тұрғындары аудан әкімі Ержігіт Шәріпбековке ауыз су, көше жарығы мен электр энергиясы, бағаналар мен трансформаторды жаңарту, өлексе тастайтын шұңқыр, жер мәселесі, жолды жөндеу, медицина, білім салалары мен өзге де өзекті және әлеуметтік мәселелерді жеткізді.
- Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлеріңіз бен қойылған сұрақтарыңыз назардан тыс қалмайды. Бұл бойынша қазір Сіздермен кездесуге менің орынбасарларым мен аппарат басшысы және тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімі қатысып отыр. Әрқайсысы өздерінің салалары бойынша жоспарларына енгізіп, тиісті жұмыстар жүргізетін болады. Сондықтан сіздер көтерген мәселені бақылауымда болады – деді Ержігіт Шәріпбеков.
Аудан әкімі тұрғындардың көтерген бірқатар мәселелері бойынша жауапты мекеме басшыларына аталған елді мекенге арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, орындау жөнінде тапсырма берді. Бірқатар мәселелер қолданыстағы заңға сәйкес шешу жолдары мен мерзімдері түсіндірілді. Кездесуде бірқатары шешімін тапты.
Жоспарға сәйкес өткен айда О.Тайманов елді мекенінде газ құбырының құрылысы басталып, өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар жүргізілуде.