Келес ауданының архитектуралық келбеті бірегей стильге көшпек. Енді аудан көшелерін жарықтандыру, көгалдандыру, ғимараттардың қасбеті мен жол жабындары біркелкі болады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Аудан басшысы осы бағытта ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан әкімі ауыл, ауылдық округінің әкімдеріне берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша баяндамаларын тыңдады.
- Әр ауыл әкімі жыл соңына дейін атқаратын жұмыстарының жоспарын ұсыну керек. Өз ұсыныстарына сәйкес график жасап, оны бақылауды қолға аламыз. Әкімдердің ұсынысында ауылдардың сыртқы қасбеттерін бірдейлендіру, абаттандыру саласына қатысты мәселелер көзделуі керек,- деді Жәнібек Есенұлы.
Мәжілістің күн тәртібінде аудан аумағын көгалдандыру және санитарлық-тазалық жұмыстарының барысы туралы мәселе қаралды. Аудан әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу деңгейі сараланып, кемшіліктер бойынша ескерту берілді. Сонымен қатар, аудандағы саяси-ахуал жағдайы талқыланып, тиісті дербес бөлім мен ауыл әкідеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиын барысында қосымша баяндамашы ретінде Келес ауданында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша атқарылған жұмыстар жайында ауданның кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаев тыңдалды. Қошқарата және Ошақты ауылдық округтерінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ауыл тұрғындарын біріктірген бес кооператив жиналады. Олардың ішінде 95 адамның құжаты толық заңдастырылып, 81 адамның құжаты аудандағы «Ырыс» МКҰ» ЖШС – нің өкіліне тапсырылды. Аудан әкімі бекітілген жоспарды орындауда жұмысты ширатуға және тездетуге тапсырмаларды жүктеді.