Бүгін Сайрам аудан әкімдігінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Хасановтың қатысуымен өткен қабылдауға әлеуметтік, білім, жер, коммуналдық-шаруашылық салаларына басшылық ететін бөлім басшылары және Арыс, Қарасу, Қарамұрт, Көлкент ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Жеке қабылдауда көлкенттік Д.Алашбаев жерлестерімен бірге Ханқорған ауылын көршілес ауылмен байланыстыратын жерінен жол ашу, Ханқорған қалашығының тарихи және мәдени маңызын арттыру мақсатында тазалығын сақтау, көріктендіру-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын қолға алу, халықты жайылым жерлермен қамту, мектептің қоршауын ғимаратына қарай жылжыту, тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға жер телімін беру секілді мәселелерді көтерді.
Кейінгі кезекте қарасулық У.Казакбаев Ақбай ауылының ауыз су жүйесін ретке келтіру және ескірген электр бағаналарын жаңартуды сұранды.
Мұнан кейін қарамұрттық көп балалы ана Н.Сахидақызы отбасына мемлекеттік қайтарымсыз грант алумен қатар, балаларын жұмысқа орналасуға көмек көрсетуді сұранды.
Ал, арыстық Э.Нарметов ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жасқа тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін Арыс ауылдық округінен асар жолымен қарастырудың қажеттілігін айтты.
Қабылдауда тыңдалған мәселелерге заң аясында түсініктемелер беріліп, бақылауға алынды.