Бүгін қасиетті Рамазан айына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақордада және еліміздің барлық өңірлерінде ауызашар өткізілді. Шымкент қаласындағы ауызашар дастарханына шаһардың зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, ғалымдар, өнерпаздар мен мәдениет саласының мамандары, танымал спортшылар мен әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдары қатысты.
Ақордада өткен ауызашарда Мемлекет басшысы қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бұл күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт екенін атап өтті.
"Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Ораза қабыл болсын! Рамазан айы – күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт. Жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенеледі. Біз былтыр Ақордада алғаш рет арнайы дастарқан жайып, ауызашар бердік. Бұл бастама өз жалғасын табуда. Бүгін менің атымнан әрбір облыста жұртшылыққа ауызашар беріліп жатыр",- деді Президент.
Сонымен қатар, ел басшысы мәдениетімізге, ұлттық киімімізге тоқталды.
"Хакім Абай "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" дегенін білесіздер. Ұлы Абайдың бұл сөзі ұлт ұстанымына айналды. Біз ұлттық мәдениетті дамытуымыз керек. Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамәмында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты", - дейді Президент.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов көпшілікті қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Қала әкімі өз сөзінде Рамазан – күллі мұсылмандар үшін ерекше маңызға ие қасиетті ай екенін, бұл айда Исламның ең басты құндылықтары – жақсылық пен мейірімділікті, ізгілік пен сабырлылық дәріптелетінін атап өтті. Бұл құндылықтар еліміздің бірлігін бекемдей түсуге және жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке баули отырып тәрбиелеуге оң ықпал ететіні айтылды.
Айта кетейік, Шымкент қаласының әкімдігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігімен бірлесе отырып жыл сайын мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуді ұйымдастырып келеді. Бұл игі шара биыл да жалғасын тапты. Шаһар басшысы осынау қасиетті айда сауапты іске атсалысып, қайырымдылық жасаған азаматтарға алғыс айтты.