«ІСКЕР ҚАЛА»: КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЖАЛДАУ АҚЫСЫНЫҢ 75 % МЕМЛЕКЕТТЕН ТӨЛЕНЕДІ

«ІСКЕР ҚАЛА»: КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЖАЛДАУ АҚЫСЫНЫҢ 75 % МЕМЛЕКЕТТЕН ТӨЛЕНЕДІ

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов өнеркәсіптік парктерді аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
SILKWAY ALLIANCE паркінде бүгінде 6 кәсіпорын шоғырланған. Мұндағы өндіріс ошақтары тұрмыстық химия, трансформаторлық жиһаздар мен полиэфирлі шайырдан жасалған бұйымдар өндірумен айналысады.
Мұрат Дүйсенбекұлы өндіріс ошағын аралап, кәсіпкерлердің талап-тілектерін тыңдады. Түрлі бағытта іске қосылған зауыт-фарбрикаларда қазір 50-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорындар жылына 76 млн теңгенің салығын төлеуде. Бұл жалдау шығынынан 6,5 есеге артық.
Қала әкімі Қайнар май өнеркәсіптік саябағында орналасқан 5 кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Мұндағы өндіріс ошақтары құрылыс индустриясына арналған ВР-торларды, тамақ өнімдерін, тұрмыстық химия шығарып, шойын мен болат құю өндірісімен айналысуда.
Цехтарда қазір 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде өндіріс орындары жылына 12 млн теңге салық төлеуде. Алдағы уақытта парк аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғайып, мұнда жаңа жобалар іске қосылады.
Қазіргі таңда кәсіпорындардың жалдау ақысының 75%-ы «Іскер Қала» іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттен төленуде.
«Ең алдымен еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты — айқын. Бұл — заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту» деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы орайда үшінші мегаполисте экономиканы өрлететін, импорттық тәуелділікті азайтып, отандық тауарөндірушілерді қолдайтын бірнеше бағдарламалар мен жобалар қабылданып, сәтті жүзеге асырылуда.
Өндіріс ошақтарының жұмысын бақылаған кала әкімі импорт алмастыруда жобалардың тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ жауаптыларға инфрақұрылым сапасын жақсартып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ