Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттен қайтарымсыз грант алған кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
"Business Plas" көбік түйіршікті полистирол өндіру цехының иелері осыдан екі жыл бұрын 5 млн теңгенің грантын ұтып, қаржыға қондырғылар сатып алған. Мемлекет қолдауымен өндірісін ұлғайтқан кәсіпорын жылына 10 мың текше метр полистирол шығарып, ішкі нарыққа сатуда.
Өнім көлемін арттырғысы келетін кәсіпкерлер бизнесті кеңейту үшін қосымша жер қарастыруды сұрады. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға дайын екенін жеткізген Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға цех ашу үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер телімін бөлуді тапсырды.
Оқу-әдістемелік құралдарын шығарумен айналысатын «Automations» цехының иелері де 3 млн теңгенің қайтарымсыз қаражатын алып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған.
Қазір дуальды оқыту бағдарламасы аясында өнімдерін жергілікті колледждерге сатуда. Кәсіпкерлер алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, қала мектептерін отандық әдістемелік құрылғылармен қамтуды жоспарлауда.
Еске салар болсақ, Шымкентте қайтарымсыз грант иегерлерінің өнімдері ұсынылған көрме-жәрмеңке өткен болатын. Іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, 150-ге жуық шағын және орта бизнес өкілдерінің жобаларымен танысты.
«Тауарларды жасауға кәсіпкерлердің бар өнерін, ынта-ықыласын салғаны көрініп тұр. Мемлекет ұсынған гранттарды конкурс арқылы жеңіп алған қала тұрғындары өз бизнесін бастап, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие тауарларды өндіріп жатыр. Бұл бір жағынан шымкентіктердің кәсіпке бейім әрі еңбекқор екенін көрсетсе, екінші жағынан мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп жатқан қолдауының нақты нәтижесі» - деді қала әкімі.
Жәрмеңкеде кондитерлік өнімдер, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары бойынша түрлі әлеуметтік жобалар қойылды. Сондай-ақ арнайы ақпараттық бұрыш жасақталып, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары келушілерге тегін кәсіби оқу, тұрақты жұмысқа орналасу, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алу бойынша кеңестер берді.
Айта кетейік, өткен жылы қаламызда 1 мыңнан астам адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған. Ал, 2 мыңнан астам адам тегін кәсіби оқуға жіберілген. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары биыл да өз жалғасын табуда. Қала бойынша 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.
Қала әкімі тиімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.