Соңғы кездері жылыжай шаруашылығына қызығушылық артып келеді. Қазір қала аумағында 209 гектар жылыжай кешені бар, оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Бұл кешендерде жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа сатылуда.
Бүгінде қала тұрғындарына балғын көкөніс жеткізіп отырған кешеннің бірі – Бозарық тұрғын алабында орналасқан «Зауре» жылыжайы. Аумағы 3 гектарлы өндірістік жылыжай кешені 2020 жылы іске қосылған.
Жылыжай «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» және тыңайтқыш құнын субсидиялау бағдарламалары бойынша мемлекеттен қолдау алғаннан кейін көкөніс өндіру ісі өркендеді.
Туркияның алдынғы қатарлы технологиясымен жабдықталды. Жылына 600 тонна өнім өндіріліп отырған агрокешенде 30-дан астам адам жұмыспен қамтылып, қызанақтың органза, мэрлис және тарелино түрлері өсіріліп жатыр. Өнімдер қала нарығы мен еліміздің солтүстік өңірлеріне саудаланады.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары А.Жанбатыров осы жылы егіс көлемін 29,8 мың гектарға жеткізу жоспарланып, егіс көлемінен 90,1 мың тонна өнім алу көзделгенін атап өтті. Еске салсақ, былтыр 29,3 мың гектарға түрлі дақыл егіліп, 85,4 мың тонна өнім жиналған болатын. «2022 жылы көктемде қала бойынша 2,5 мың га алқапқа жаздық дәнді дақылдар егіледі. Сонымен қатар, 10,4 мың га күздік дәнді дақылдар алқабының егісі барын ескерсек, жалпы дәнді дақылдар егісі 13 мың га алқапты құрайтын болады. Бұл жалпы егістік құрылымының 43,6% құрайды. Қалада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер астық тұқымдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де тұқымның жалпы 107,7 тонна қоры бар»,-деді сала маманы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде жылыжай шығынының 25 пайызы мемлекеттен төленеді. Одан бөлек төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге қолдау болып отыр. Сондай-ақ жылыжайға қажетті тыңайтқыштар мен тұқымдарына да субсидия қарастырылған.