Қалада магистральді көшелер көгалдандырылып, жасыл желектер ретке келтірілуде. Арнайы бригадалар газондарды орып, ағаштарға күтім жасауда.
Көгалдандыру шараларына 270 жұмысшы, 28 техника және 176 көгалшапқыш жұмылдырылды.
Еске салар болсақ, шахар басшысы Бозарық айналма жолындағы көріктендіру жұмыстарын тексеріп, мердігерлердің жоспарымен танысқан болатын.
Мұнда қазір ұңғымалар орнатылып, жер қопсытылуда. Жоба бойынша 13 мың шаршы метр айналма жолдың жиегі қазақы ою-өрнек эскизінде қызыл сальвия, лимонды тагетис секілді гүлдермен көмкеріледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы Бәйдібек би көшесіндегі этносаябақта да болып, ұңғымаларды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Мұнда алдағы уақытта балалар автодромы орнатылып, шығармашылық орталық ашылады.
«Абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына жұмылдырылған мердігерлер қала аумағындағы әрбір нысанға арнайы паспорт пен дизайн код жасайды. Ең алдымен ұңғымаларды қайта қалпына келтіреді.
Қазір мекемелер қалада жасыл желекті көбейту мақсатында түрлі ұсыныстар беруде. Мердігерлермен жасалатын келісім шарт мерзімінің 5 жылға ұзартылғаны да олардың жауапкершілігін артырып, жұмыс сапасын жақсартады» - деді қала әкімі.
2022 жылы күздік сенбілікте “Мирас”шағын ауданында орналасқан “Шымсая” шатқалына Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 4000-ға жуық терек ағашының көшеттері отырғызылған болатын.
Тазалық жұмыстарына коммуналдық мекемелер, ассамблея жастары және басқарма мамандарымен қоса, жалпы 300 адам қатысты. Қосымша 3 техника жұмылдырылған болатын.
Наурыз айында өткен «Наурыз –тазалық пен қоршаған ортаға қамқорлық мерекесі» кешенді іс шарасы аясында ұйымдастырылған сенбілікке 1 мыңнан астам тұрғын қатысып, қала тазалығына атсалысты.
Олардың арасында қаладағы 37 мемлекеттік мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, студент жастар бар. Көпқабатты үйлердің тұрғындары да бүгін аулаларын тазартып, тал-дарақтарды әктеп, қаланы көріктендіруге үлес қосты.
Жалпықалалық сенбілікке қатысқан көпшілік аумақтарды абаттандырып, саябақтар мен гүлзарларды, тратуарларды қоқыстан тазартты. Жұмылдырылған 80 техниканың көмегімен барлығы 200 текше метр қоқыс қала сыртына шығарылды.