Қазіргі таңда қаладағы 81 елдімекеннің 78-іне ауыз су үздіксіз берілуде. Бүгінде Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші жаңа құрылыс аудандарына су құбырлары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 6 нысан пайдалануға беріліп, нәтижесінде 72 мыңға жуық отбасы сапалы ауыз суға қол жетізеді. Қала халқын тіршілік нәрімен қамту көрсеткіші биыл 98,5% - дан 100% - ға дейін артады.
Қазір Қарабастау шағынауданында ауызсу құбырлары жүргізілуде. Елдімекенді сапалы сумен қамту жұмыстары 48% аяқталды. Ұзындығы 74 шақырым құбыр 1 жарым мыңнан астам абонентті тіршілік нәрімен тәулік бойы үздіксіз қамтиды. Жұмыстар биыл қараша айында толығымен аяқталады.
Алдағы уақытта ауызсу құбырын тарту жұмыстары Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа тұрғын үй алаптарында жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, Еңбекші ауданында жыл басынан бері 35 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды. Одан бөлек жеке секторларда балалар ойын алаңшасы, көше тренажеры және воркаут алаңдарының құрылысы жүріп жатыр.
Шымкенттегі Әл-Фараби ауданына қарасты Текесу елді мекенінде су құбырларын тарту жұмыстары аяқталды.
Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді мемлекеттік ауыз су құбырына қосу, яғни абоненттеу жүргізілуде.
Аталған аумақ бойынша 13,5 шақырым су құбыры тартылды.
Айта кетейік, тұрғындар орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылу үшін мемлекет тарапынан тасталған құбырдан үй ауласына қосу жұмыстарын өздері жүргізу қажет.
Сонымен қатар, жеке есеп шот ашу үшін меншік иесі, мемлекетті жер АКТ-і, жеке куәлік көшірмесін «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-ге өткізу керек.
Абоненттеу жұмысы толық аяқталған соң Текесу елді мекеніндегі 200 отбасы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Биыл қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында барлығы 7 нысанның құрылысы жүргізілді.