Шымкент қалалық №2 ауруханасына 22-сәуір күні түнгі сағат 00:10 шамасында жедел-жәрдеммен елу екі жастағы қала тұрғыны аса ауыр жағдайда жеткізілді. Дәрігерлер науқасты бірден жансақтау бөліміне жатқызып, тексеру жұмыстарын жүргізген.
Ауруханаға жетер жолда клиникалық өлімді бастап кешкен азаматша бұған дейін яғни 2016 жылы инсульт алғаны анықталды. Қиындықтарға қарамастан дәрігерлер науқасқа дер кезінде көмекке келді. Дәрігерлердің ептілігі, әрі біліктілігінің арқасында ауыр халдегі жүрегі тоқтап қалған науқастың күретамыр тынысы кенет қайта соқты.
Өмірге қайта келгендей әсерде болған шымкенттік жерлесіміз екі күн бойы өмір мен өлім арасында арпалысқан ақ халатты абзал жандарға алғысын жаудырды. Пациент үшінші күні жансақтау бөлімінен кардиология бөлімшесіне ауыстырылды.
«Науқастың түскен кездегі жағдайы өте ауыр болды. Клиникалық өліммен жеткізілді. Түскен кезде алғашқы көмек көрсетіп, ИВЛ аппаратына қостық. Қазіргі жағдайы тұрақты, науқас кислородсыз өздігімен демалуда», –дейді реанимация бөлімінің меңгерушісі Ержан Шераліұлы.
Науқастың қазіргі жағдайы қалыпты. Толық емін алып болған соң отбасына оралатын болады.
Қаладағы 45 емхананың әрқайсысының орташа есеппен қамту көрсеткіші 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға азайту көзделген.
Жоспар бойынша 2025 жылға дейін қалада 6 емхананың қажеттілігі туындайды. Нысандар құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынады.
Бұл №1 перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Орталықтың іргетасы Ақжайық шағынауданында қаланады.