Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Мобильді топ» мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Авто-Нұр» базарда ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағдарламалары мен тұрғын үй жөнінде ақпараттармен таныстыру.
Түсіндірме жұмыстары барысында базар жастарына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын 2,5% жеңілдетілген несие жөнінде толыққанды ақпарат айтылып, қажетті құжаттардың тізімі мен оқу барысындағы өзгерістер туралы түсіндірілді.
Жаңа бағдарламаны көпшілік «Жастар практикасы» жобасымен шатастырып жатады. Мұндағы айырмашылық «Жастар тәжірибесінде» соңғы үш жылда жоғары оқу орнын тәмамдаған жас түлектерге 6 ай еңбек өтілін жинауға жолдама беріледі. Ондағы бекітілген жалақы мөлшері – 25 АЕК. Ал «Алғашқы жұмыс орны» аты айтып тұрғандай жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Екі бағдарламаның ұқсастығы болғанымен жалақы мөлшері және жұмыспен қамтылу уақыттарында айырмашылық бар. Жаңа жобамен жұмысқа орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» жөнінде де ақпараттар берілді.
Алғашқы жұмыс орны – бұл 29 жастан аспаған жастар үшін бірінші жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды беру.
Бірінші жұмыс орнындағы жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны беріледі.
Жалақы кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды.
Жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет.