Бүгін «Дұрыс мамандық таңдау – кемелді болашақ кепілі» тақырыбында Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен А.Сейдімбек атындағы №80 IT мектеп-лицейінің бітіруші сынып оқушылары арасында кездесу өтті.
Мақсаты – жасөспірімдерге мамандық таңдау бағытында толыққанды ақпарттандыру және дұрыс бағыт-бағдар беру болып табылады.
Мамандық таңдау барысында жас түлек «Мен қалаймын», «Менің қолымнан келеді», «Маған керек» деп, өз қабілеттіліктерін, ішкі сенімдері мен нақты мүмкіндіктерін ескеру қажет.
Мамандық таңдауда жіберілетін қателер:
— Беделді кәсіптердің жетегінде кету;
— Ата-анасы үшін мамандық таңдау;
— Мамандықты таңдауға ақпараттардың жеткіліксіздігі;
— Өзінің психологиялық ерекшелігін түсіне алмау;
— Басқалар не таңдаса, соны таңдау;
— Грант көп берілетін мамандықтарды таңдау;
— «Диплом алсам болды» деген пікірді ұстану.
Осындай қателіктер жіберілмес үшін не істеу керек?
1.Балалық шақты еске алыңыз.Бала кезіңізде сізде қандай үміт пен арман болды?
2.Өзіңізді толық зерттеңіз.
3.Жеке тұлғаның профилін жасаңыз.
4.Басқалардың сізді қалай көретінін біліп, өзіңізді жақсы түсініп алыңыз.
5. Жақын досыңыздан, отбасы мүшелерінен немесе сенімді адамнан сізді сипаттайтын 10 кілт сөз жазуды сұраңыз. Олар сіздің бағалауыңызбен сәйкес келетініне назар аударыңыз.
6. Педагог мамандығының бес негізгі бағытын белгілеңіз. Маркер немесе басқа құралмен сіз үшін ең тартымды екі бағытын таңдаңыз. Неге олар қызығушылық тудырады? Бұл бағытқа қандай өмірлік тәжірибем бар. Болашақта бұл бағытын қалай көре аламын. Олар сіздің жеке басыңыз бен құндылықтарыңызға қалай сәйкес келеді?
7.Сіздің темпераментіңізді ескеру қажет.Жұмыс стилі соған байланысты.
Қазір сауда-саттықтың жүріп тұрған заманы болғандықтан, көптеген мамандықтар осының төңірегінде деуге болады. Агенттер мен менеджер мамандықтары сұранысқа ие десек, артық айтпаймыз. Мысалы, коммерциялық агент, жарнамалық агент, туристік агент, финанстық менеджер, сауда-саттық менеджері, жоба менеджері, кеңсе менеджері т.б.
Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалауыңызға тілектеспіз.
Кездесуге Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Алтынбай Аймахан Есжанұлы, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дефектолог-логопед маманы Мәлік Жанерке Ерланқызы және де мектеп мұғалімдері қатысты. Олар бірінші кезекте жастарға сұраныстағы басым мамандық түрлерін атап, өз мамандықтары жөнінде кеңінен сөз етті.
Кездесу соңында оқушылар қонақтармен сұрақ-жауап алмасып, естелікке суретке түсті.