Бүгін Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Абай ауданы әкімінің орынбасары Асылбекова Гүлнұр Нұрбекқызы аудан жастарымен еркін форматта ашық сұхбат құрды.
Мақсаты – билік пен белсенді жастар арасында тығыз байланыс орната отырып, емін-еркін пікір алмасу.
Кездесуде Гүлнұр Нұрбекқызы өзінің қызмет саласында атқарып жүрген жұмысына тоқталып, жастар саясатын жүзеге асырудағы біршама жоспарларымен бөлісті.
-Елдігіміздің еңселі, болашағымыздың баянды болуы – сіздердің қолдарыңызда! Сондықтан, сіздерді халыққа, қоғамға қызмет етуге, қай салада да Отанымыздың абыройын арттыруға үлес қосуға шақырамын. Баршаңызға зор денсаулық, оқуда озат, еңбекте табысты болуды тілеймін!, - деді аудан әкімінің орынбасары Гүлнұр Нұрбекқызы.
Еркін форматта өткен жиында белсенді жастар өнерлерімен де бөлісіп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Мемлекет басшысының саяси реформалары шеңберінде бекітілген жастарға арналған 30% квота олардың саяси белсенділігін арттыруға серпін берген.
Сондықтан жастарды мектеп пен студенттік кездерден өзін-өзі басқаруды, пікірталастарды дамытудан бастап, мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестеріне қатысуға дейінгі шешімдер қабылдау процесіне біртіндеп тарту көзделген.
Осының нәтижесінде 2029 жылға дейін қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 20%-ға арттыру, жас мемлекеттік қызметшілердің көрсеткішін 25%-ға ұлғайту, 2,2 млн жасты волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту жоспарланған.
Одан кейінгі бағыт – "Заманауи құндылықтар және патриоттық тәрбие".
Тұжырымдамада мемлекеттік тілде заманауи зияткерлік ойындарды насихаттау, отбасын қолдау орталықтарын жетілдіру, сондай-ақ жастар арасында өз мемлекетін қорғауға дайындықты нығайту жұмыстары іске асырылады.
2029 жылға дейін "Айбын", "Найза" ойындарына қатысушылар саны 22 мыңға, әскери музейлерге баратын жастардың санын 75 мыңға артады және 880 мың жас әскери-спорттық іс-шараларға қатысады деп жоспарлануда.
Ал "Салауатты өмір салты" бағыты бойынша жастарды бұқаралық спортқа тарту үшін спорттық инфрақұрылымды дамыту жүргізіледі.