Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Мобильді топ» пен Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері бірлесе отыра, Орталық Азия Инновациялық университет жастарына мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша кездесу өткізді.
Мақсаты – мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастарды кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерден хабардар ету арқылы дұрыс мамандық таңдауларына бағыт-бағдар көрсету.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде биыл 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланды. Ол шараларға бүгінге дейін нақты 4 870 адам қатысты, тиісінше, жоспар 14,5 пайызға орындалып отыр. Кәсіби білім беру бойынша 2 392 адамды оқуға жолдау жоспарланған. 1 632 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындарында оқытылса, 1 976 адам онлайн оқуға қатыстырылмақ. Көпшіліктің көкейінде жүрген кәсіпкерлікті дамыту бойынша 3050 адамға қолдау көрсетіледі. Оның ішінде 1 900 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытылса, 1 150 адамға өтеусіз негізде мемлекеттік грант беріледі.
Кездесу барысында студенттерге жұмыспен қамтудың белсенді шаралары мен 2,5% пайыздық жеңілдетілген несие бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жас мамандарға арналған «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім-шарты» бағдарламалары бойынша кеңінен түсіндірілді.
Жиын соңында мамандар студенттердің жұмыспен қамту шараларына қатысты сұрақтарына жауап берді.
Ұрпақтар келісімшарты – бұл зейнеткерлік жастағы жұмыс істейтін қызметкерлердің жинақталған тәжірибесі мен дағдыларын беру үшін арнайы құрылған жұмыс орны.
Ұрпақтар келісімшартына 29 жастан аспаған, оқуды 2 жыл бұрын бітірген оқу орындарының түлектері қатысады.
Жұмыстың ұзақтығы 6 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға тұрақты жұмыс орны беріледі не ол зейнеткерлік жасқа толған қызметкерді алмастырады.
Жалақы кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды.