ШЫМКЕНТТЕ 32 ШЕТЕЛДІК ЕЛ АУМАҒЫНАН АЛАСТАТЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ 32 ШЕТЕЛДІК ЕЛ АУМАҒЫНАН АЛАСТАТЫЛДЫ

Мегаполис аумағында заңсыз көші-қонның жолын кесу, шетелдіктер арасында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері жүйелі жұмыс істеуде. Атап айтқанда, мегаполис сақшылары шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон заңнамасын сақтауын қатаң бақылауға алған.
Мәселен, 2023 жылдың 3 айында Шымкентте 3591 шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеуге алынды. Оның ішінде, 218- азамат алыс шетелден, 3373- тұлға Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан келген.
Сондай-ақ, көші-қон заңнамасын бұзған 873 шетелдік пен ҚР-сы азаматтары анықталып, заң жүзінде жауапкершілікке тартылды. Оның 439-ы өзге елдің азаматы. Сот шешімімен 32 шетелдік ел аумағынан аластатылды.
Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 59 тұлға мен оларды тұрғын үймен қамтамасыз еткен 204 Қазақстан Республикасының азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазақстанның көші-қон саясатының негізгі қағидаттары мен векторлары 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасына енгізілген. Оны әзірлеуге Көші-қон қызметі комитеті белсенді қатысты. 2022 жылдан бастап көші-қон қызметінде процестерді бюрократиядан арылту және оңтайландыру жөніндегі шаралар іске асырылуда.
Бүгінгі Қазақстан үшін ең маңызды қос мәселе - Көші-қон мен демографиялық өсім екені түсінікті.
Айта кетейік, Көші-қон полициясы ҚР Конституциясына, «Ішкі істер органдары туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР заңдарына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге, мемлекетаралық келісімдерге (шарттарға), сондай-ақ ведомстволық нұсқаулықтарға сәйкес әрекет етеді.
Өз кезегінде, Шымкент полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын көші-қон заңнамасын бұзбауға шақырады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланбауды және оларды тұрғын үймен қамтамасыз етпеуді ескертеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ