Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Мобильді топ» мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Жабық» базарда ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Түсіндірме жұмыстарының мақсаты – жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағдарламалары мен тұрғын үй жөнінде ақпараттармен таныстыру.
Түсіндірме жұмыстары барысында базар жастарына мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» жөнінде ақпараттар берілді.
Жобаның мақсаты- қаламыздағы жас кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыз жастардың санын азайтып, өз кәсібін ашуға баулу.
-Бастапқы кезеңде кәсіп ашу мен үшін үлкен арман болды. Әлеуметтік желілерден жас кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау туралы есітіп, менде мемлекет қолдауына жүгіндім. Бүгінде жеке кәсіпкер атанып отырмын, - деді Бахтыгүл Нұрғалиқызы.
Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында биылдан бастап берілетін шағын несиені 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Мемлекеттік қолдау биыл қаладағы 261 жасқа көрсетіледі. Өтініш берген сәтте үміткердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмысшы жастар да қатыса алады. Несиелеу шарттары:
- Несие сомасы 5 миллион теңгеге дейін;
- Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%;
- Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін;
- Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.
Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл беруші ретінде ата-аналарын, туыстарын және т.б. тартуға болады. Қажетті құжаттар тізімі:
1. жеке басын куәландыратын құжат;
2. жоба бойынша бизнес-жоспар;
3. қызмет көрсететін банк шотын растайтын анықтамалар;
4. қаржы ұйымдарынан (несие болған жағдайда) несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешек туралы анықтамалар;
5. қатысушының/үміткердің жалақысын және өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме);
6. кепіл мүлікті бағалау туралы есеп;
7. кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жөнінде де толыққанды мағлұматтар айтылып, жадынамалық парақшалар тарқатылды.