Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары отбасындағы ұрыс-керістің алдын алу және жолын кесу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бойынша ұдайы түрде іс-шаралар ұйымдастырып, жұмыс атқарады.
Бұл саладағы іс-қимылдарды үйлестіру үшін уәкілетті мемлекеттік органды белгілеу ұсынылып отыр, бұл репрессивті шараларға емес, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын, балаларды тәрбиелеу және жалпы, отбасы мәртебесін көтеру мәселелерін шешуге басымдық беруге жол ашады.
Сонымен қатар тұрмыстық қылмыстарды тіркеудің өтініш беру түрінен анықтау сипатына көшу жоспарлануда, бұл полицияға құқық бұзушыны жәбірленушілердің өтінішінсіз, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, жазаның бұлтартпаушылық принципі қамтамасыз етіледі.
Бұдан басқа, әкімшілік қамауға алудың ең аз мерзімін 5 тәуліктен бастап (бұрын болмаған) белгілеу, тергеу кезеңінде отбасының шырқын бұзушыны оқшаулау және оны соттың қамауға алу мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ тараптардың тек бір рет және сотта ғана татуласуына мүмкін беру ұсынылуда.
Мәселен, Абай ауданының Полиция басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева отбасындағы жанжалдан зардап шеккен азаматшаны қабылдады. Әйелге құқықтық көмек көрсетілді, сондай-ақ, заңның талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған заңға сәйкес, жәбірленушінің арызы бойынша құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Нұсқамаға сай, азамат ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қойылып, онымен отыз күн бойы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Яғни, оның тұрғылықты жеріне учаскелік полиция инспекторы ұдайы барып, тексеріп тұрады, профилактикалық сұхбаттар жүргізеді. Құқық бұзушы қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.