Әл-Фараби ауданы жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған “Мобильді топ” мемлекеттік бағдарламалар бойынша “Арбат” демалыс аймағында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мақсаты - жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағдарламалары жөнінде ақпараттармен таныстыру.
Бүгінгі таңда «2021 - 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде түлектерді жұмыспен қамту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бірі - жастар практикасы. Жастар практикасының мақсаты - түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу. Бұл шараны жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырады. Ал жастар практикасының мерзімі - 12 айға дейін. Яғни жас маман тәжірибе жинақтаумен бірге бір жылдық еңбек өтіліне ие болады.
Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараның тағы бір - «Алғашқы жұмыс орны» жобасы. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмыспен қамту орталығы мен жұмыс беруші келісім шарт жасайды. Келісім бойынша жұмыс беруші түлекті кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, ал жұмыспен қамту орталығы бір жылға жалақыны субсидиялайды.
Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған үшінші шара - «Ұрпақтар келісімі» жобасы. Бұл жоба негізінде зейнет жасындағы қызметкердің орнына жас түлек ауыстырады. Аталмыш жоба бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа алады, ал жұмыспен қамту орталығы 6 ай жалақыны субсидиялайды.
Түсіндірме жұмыстары барысында, мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары: «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» және Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5% несие жөнінде де толыққанды мағлұматтар айтылып, жадынамалық парақшалар тарқатылды.