Бүгін Шымкентте "Жасыл қала" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы жиын өтті. Ауқымды жоба мегаполистің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында экологиялық мәселелерді кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері талқыланған жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен Орталық Азия бойынша Еуропа қайта құру және даму банк өкілдері қатысып, бірлескен іс-шаралар жоспарын пысықтады.
Жобада жер, су ресурстарын тиімді пайдалану, ауаның ластануы, орталық жылу жүйесі, көлік кептелістері мен қалдықтарды залалсыздандыруға қатысты қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешудің инвестициялық жобалары мен іс-шаралары қарастырылған.
«Консультанттардың халықаралық тәжірибесі бізге қаланы тұрақты дамытуда оңтайлы техникалық шешімдер мен ұсынымдарды қарастыруға мүмкіндік береді деп үміттенемін. Біз жоспар шеңберінде қаламызда қоғамдық көліктердің баламалы түрлерін енгізу, агломерациямен көлік мәселесін шешу, суару секторы, энергияны үнемдейтін сыртқы жарықтандыру, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағыттарын дамытуды көздеп отырмыз. Жоспарды жүзеге асыруға әкімдік құрылымындағы тиісті басқармалардан бөлек азаматтық қоғам, бизнес, сарапшылар қауымдастығының өкілдері де белсенділік танытады деген сенімдемін», - деді қала әкімі.
Айта кетейік, 2018 жылы қабылданған «Жасыл қала» бағдарламасында көгалдандыру, ауыл шаруашылығы белдеуін дамыту, әлемдік мегаполистер тәжірибесімен бау-саябақ мәдениетін құру мақсатындағы кешенді жоспарлар қарастырылған.
«Абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына жұмылдырылған мердігерлер қала аумағындағы әрбір нысанға арнайы паспорт пен дизайн код жасайды. Ең алдымен ұңғымаларды қайта қалпына келтіреді.
Қазір мекемелер қалада жасыл желекті көбейту мақсатында түрлі ұсыныстар беруде. Мердігерлермен жасалатын келісім шарт мерзімінің 5 жылға ұзартылғаны да олардың жауапкершілігін артырып, жұмыс сапасын жақсартады» - деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы жайлы ортаны дамыту басқармасының қала аумағындағы көшелер тазалығын жақсартуда жоспарларымен танысты. Бұл жұмыстар 5 бағытта жүргізілетін болады.