Жалпықалалық сейсмикалық оқу жаттығу шаралары №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының аумағында жалғасты. Мұнда шартты түрде халықты қабылдау пунктінің қызметі ұымдастырылды. Жаттығу барысында қала бойынша құрылған 123 эвакуациялық пункттің мекенжайлары арнайы мобильді қолданбаларға орналастырылды.
Қала әкімі М.Әйтенов сейсмикалық оқу жаттығу барысын қадағалап, штаб жұмысын пысықтады.
«Жалпы қала аумағы төтенше жағдайдың карталық сызбасы бойынша 36 секторға бөлінген. Орталық штабтың барлық бөлімдермен тығыз байланыста болуы, резервтегі көмектерді шұғыл әрі тиімді пайдалануы маңызды. Қаланың әрбір мектебінде қабылдау пунктері іске қосылады. Әр ауданда арнайы штаб құрылады» - деді қала әкімі.
Төтенше жағдай кезіндегі арнайы операциялар Ипподром аумағында көрсетілді. Онда шатырлы лагерь, далалық ас үй, тамақтану және азық-түлікпен қамтамасыз ету пункттері орналастырылған.
Бүгінгі шараға 65 жеке құрам, жедел-құтқару жасақтың 5 құтқарушысы,өрт сөндіру қызметінің 16 арнайы техникасы, 10 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. Сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан 7 қоғамдық автобус тартылды. Сонымен қатар 21 қалалық азаматтық қорғау қызметі қатысып, дайындықтарын пысықтады.
Еске салар болсақ, қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан салынып жатқан өрт сөндіру бекеттерін аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. 4 автомобильге арналған депо Түркістан көшесі бойында салынуда. Соңғы үлгіде жабдықталатын ғимаратта қызметкерлер кабинеттерінен бөлек акт залы, қоймалар, оқу сыныбы, мұрағат пен асхана қамтылған. Жоспарға сай нысан биыл мамыр айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы әкімшілік-іскерлік орталығындағы өрт депосы мен қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстарымен де танысты. Бұл бекеттер өрт сөндірушілердің жұмысын жеделдетуге мүмкіндік береді. Нысандарды аралау барысында қала әкімі жауаптыларға ғимараттардың барлық талаптарға сай бой көтеруін бақылауды, құрылысты уақытында аяқтауды тапсырды.