Бүгіннен бастап көлік қозғалысына ашылған Арғынбеков көшесінің бойымен 4 бағыт бойынша қоғамдық көліктер қайта ұйымдастырылды. Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылысына байланысты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі уақытша баламалы көшелерге ауыстырылған болатын. Қазір бұл аумақтан №92, №141, №146, №104 бағыттарға қоғамдық көліктер қатынауда.
Сонымен қатар, шілде айында оң жақ өткелдерінің құрылысын аяқтап, көлік қозғалысына ашу жоспарлануда.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес мегаполистің ішкі орам көшелерін жөндеуден өткізуге басымдық берілген. Осыған орай, шағын аудандар мен тұрғын алаптар инфрақұрылыммен қамтылып, өз кезегінде жұмыстар жүйелі атқарылуда.
Бүгінгі күні Асар-2 шағын ауданы аумағындағы Күншоғыр көшелері орташа жөндеуден өтуде. Аталған шағын ауданның 4 көшесіне 2 қабат асфальт төселеді. Көшелердің жалпы ұзындығы - 1,2 шақырымды, ені 5 метрді қамтыса, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың ені – 1,5 метрге жеткізілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары 236,3 шақырымды құрайтын 297 көшеге жүргізілу жоспарлануда. Сондай-ақ, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Ал 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу мақсатында қала көшелерінде жол таңбаларын жаңарту жұмыстары бастау алды. Мұндай жаңарту жұмыстары қолданыстағы стандарттарға сәйкес тұрақты түрде атқарылады.
Шаһардағы асфальт жолдың жалпы ұзындығы – 2189,5 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы қалада көліктердің жол қозғалысын реттеу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 400 шақырымға жуық жол таңбалары сызу жоспарланған.
Бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін түнгі уақытта атқарылды.