Бүгін Шымкентте жас өрендер мен балғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін бірқатар салтанатты шаралар шеруі өтуде. «1 маусым – Халықаралық балалалар күні» мерекесі Достық үйінде қосымша білім беру ұйымдарындағы өнертапқыш оқушылардың көрмесімен басталды. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, талантты да дарынды шәкірттердің жетістіктері үшін алғыс білдірді.
«Биылғы оқу жылы жақсы жетістіктермен, жағымды жаңалықтармен аяқталды. Каникул кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін қаламызда 237 жазғы сауықтыру лагері жұмысын бастауда. Елімізде атқарылып жатқан, жоспарланған барлық жұмыстар балаларымыздың бақытты да, жарқын болашағына арналады» - деді М.Дүйсенбекұлы.
Бүгін қалада 12 мыңға жуық шәкірт мектеп бітіріп, олардың 90%-дан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіруде. Биылғы жылы 2 618 түлек “Алтын белгі” мен “Үздік аттестатқа” үміткер болса, 600-ден астам оқушы халықаралық және республикалық білім, өнер, спорт сайыстарында топ жарды.
Көрмеге қала аумағындағы 19 қосымша білім беру мекемесі қатысып, өз жетістіктерін көрсетті. Мемлекеттің қолдауымен балаларға тегін қосымша білім беріп отырған ұйымдар жас буынның әсіресе, робототехникаға деген қызығушылығын арттырып отырғаны байқалды. Шымкент шәкірттерінің жетістіктерін паш еткен көрме үздіктер мен белсенді оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты.
1 маусым - балаларды қорғау күніне орай, бүгін Шымкент қалалық Еңбекші ауданында заманауи үлгідегі 3 балалар ойын алаңшасы балалардың пайдалануына берілді. Ойын алаңшаларының ашылу салтанаты мерекелік шараға ұласып, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Балаларға демеушілер тарапынан сыйлыққа ойыншықтар үлестіріліп, тәтті балмұздақ тарту етілді. Биылғы жылы Еңбекші ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында көп қабатты тұрғын үйлердің 35 үй ауласы абаттандырылып, 25 ойын алаңшасы орнатылады. Ал, алдағы күндері жеке секторлы үйлерде 11 кешенді спорт және ойын алаңшалары тұрғындардың игілігіне тапсырылатын болады.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының Тұран ауданында балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта Жарқынбеков №17, Бәйдібек би №246, Мангельдин 40, Отырар №52 көп қабатты тұрғын үй аулаларында және Құрсай елді мекеніндегі Құлантөбе, Ұзынағаш көшелерінде, Ақтас және Арғымақ елді мекендерінде құрылыс жұмысы қарқын алды.