Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ақжар» қосалқы станциясына барып, ондағы құрылыс жұмыстарына бірқатар шолу жасады. Жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайтын «Ақжар» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстары 2019 жылдан бастап жүргізілуде.
Қазіргі уақытта «Забадам» қосалқы станциясынан «Ақжар» қосалқы станциясына дейінгі қазылған электр кабелінің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды.
Станцияда орнатылатын негізгі жабдық 110 кВ трансформаторы. Нысанның құрылысы биылғы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталатын болады.
Нәтижесінде «Ақжар» станциясы арқылы 50 мыңға жуық халық, сондай-ақ сол аумақтағы бизнес нысандары электр қуатымен қамтамасыз етілуге мүмкіндік алады.
Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс сапасын назарға ала отырып, жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Абай ауданына қарасты Батыс елдімекені тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс кезінде 68,5 шақырым электр желісі тартылып, 34 трансформатор мен 2 мыңнан аса бағана орнатылды.
Бұл өз кезегінде тариф құнын да төмендетіп отыр. Осыған дейін жергілікті тұрғындар бір текше метр үшін 25-30 теңге аралығында төлем жасаса, бұдан былай тариф құны 17,9 теңгеге дейін арзандайды.
Абай аудан аумағы бойынша 27 елді мекеннің 25 елді мекені (92,7%) мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр.
Асар-2 шағын ауданы электр жарығымен 70% қамтылған болса, Қайнарбұлақ тұрғын алабы электр жарығымен 24 % қамтылған.
Жыл соңына дейін аудандағы 12 көше жарықтандыру жүйелеріне қосылады. Бірінші кезекте шағынаудандардағы әлеуметтік нысандар орналасқан және қоғамдық көліктер қатынайтын орталық көшелер жарықтандырылады.
Қала әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында 2021-2023 жылдар аралығында 312 көшені жарықтандыру жоспарланып, бұл бағытта тиісті келісім шарттар жасалды.
Қалада жарықтандырылған көшелердің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. 2020 жылы мегаполистегі орталық маңызы бар 747 көшенің 220-сына ғана жарық жүйелері тартылған болатын.