Қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында адам құқықтарын қорғау мәселелері мен азаптауға және басқа да келеңсіздіктерге қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды. Басқосуға қалаға жұмыс сапарымен келген ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, сондай-ақ прокуратура, полиция, қылмыстық-атқару жүйесі органдарының басшылары қатысты. Кеңейтілген мәжілістің күн тәртібінде адам құқықтарын қорғаудағы нәтижелі жұмыстар талқыланып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мәселелері қарастырылды.
Айта кететін, тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінде қоғамның жиі талқыға түсетін тақырыптарының біріне айналуда. Осы мәселеге қатысты Ішкі істер органдарының қызметкерлері түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастыруда.
2022 жылдың қорытындысы бойынша 2500 іс сотта қаралды. Енді өзіңіз салыстырмалы түрде қарап отырсаңыз 5000 істің 2500 сотта қаралды деген тең жартысы. Алдыңғы жылдармен салыстырсақ дәл сондай статистика сақталып келеді. Себебі қорғау нұсқамасын біз шақыртуға барғанда міндетті түрде шығарамыз. Қауіптің барлығы әйелдің көзінен көрініп тұрады. Ары қарай шағымданбай біз өзіміз татуласамыз деп жатса немесе әкімшілік іс қозғайтындай негіз болмаса онда хаттама толтырылмайды. Материал сотқа жіберілмейді. Бірақ жәбірленушінің құқықтары мен бостандықтарын денсаулығын қорғау мақсатында қорғау нұсқамасы шығарылады. Көбінесе әйел адамдар ұрған күйеулеріне жандары ашиды. Бұл жерде әйел адам кеңірек ойлайды. Отбасындағы тыныштықты, өзінің отағасын ойлап арыз жазбайтындар да болады.
М.Дүйсенбекұлы барлық құзырлы мекеме басшыларын Конституция талаптарын қатаң сақтауға және осы бағыттағы шараларды бірлесе атқаруға шақырды.
Омбудсмен адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының, әсіресе оның өңірлік өкілдіктерінің жергілікті деңгейде адам құқықтарын қалпына келтірудегі маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Ұлттық превентивтік тетіктің рөлін арттыруда, азаптауларды болдырмау және олардың алдын алу мәселелерінде жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе тығыз жұмыс жүргізуге сенім білдірді.
Мәжіліс соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, аталған бағыттарда бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.