Бекітілген кестеге сәйкес, аудан әкімі Арман Сәбитов тұрғындармен кезекті кездесуі Қарабұлақ ауылында жалғасты. Жиын әдеттегідей, өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалуы мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп берумен басталып, ары қарай сұрақ-жауап, ұсыныс-пікірге ұласты. Облысымыздағы ең халқы көп ауылдардың бірегейі, яғни 60 мыңға жуық халқы бар қарабұлақтықтарды толғандырған мәселелер айтылды.
Кездесуде тұрғындар тарапынан ауыз су, электр бағаналары, жол мен мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, өрт сөндіру қауіпсіздігіне көңіл аудару, ретті күл-қоқыстардың уақтылы алынуы сынды мәселелер көтерілді.
Аудан басшысы А.Сәбитов ауылдағы өзекте мәселелер мен шешімін қажет ететін проблемалардан хабардар екендігін жеткізіп, оның ішінде бірқатар мәселелердің шешілгендігін атап өтті.
Мысалы, жаңа полиция бөлімшесінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленген, келесі жылы құрылыс жұмысы басталады. Сондай-ақ, тозығы жеткен электр станцияларының ескіргенін алға тартты. Бүгінде Қарабұлақ ауылының тұрғындарына Арыс ауылындағы жаңа қосалқы станциясы мен қолданыстағы ескі станциялары арқылы электр энергиясы берілуде. Бұл ретте А.Сәбитов ТҮКШЖКжАЖ бөлімінің басшысына Қарабұлақ ауылында жаңа қосалқы станция салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды. Ал ауылдағы тазалық мәселесі бойынша тұрғындар өздері таңдау жасайды, қай мекемеден келісім шартқа тұрамын десе өз еркі. Оның жұмыс күші, техникасы, тағы басқа талапқа сәйкестігіне мән берген абзал. Қандай болса да, ауылдың іші таза болу тиіс.
Аудан әкімі ауылдағы ескірген Мәдениет үйіне де тоқталды. Аталған нысанды республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізуге болатынын атап өтті. Бүгінде бюджеттен қаржы қарастыруға өтінім берілген.
Жиын соңында аудан басшысы А. Сәбитов: «Сайрам ауданының потенциалы жоғары, халқы өте еңбекқор. Сондықтан, сіздерді ретсіз саудамен айналыспауға және де салық төлеп жұмыс істеуге шықырамын. Біз жуырда бұл мәселелерді түбегейлі шешеміз. Салыққа түскен қаражат – аудан мәселелерін шешетінін ұмытпағайсыздар!», - дейді аудан басшысы. Сондай-ақ, айтылған әрбір мәселені назарға алып, шешу үшін бар мүмкіндікті пайдаланатынын айтты, деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
АРМАН СӘБИТОВ: САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ПОТЕНЦИАЛЫ ЖОҒАРЫ
