Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың ІІІ тоқсандағы халықпен кездесуі бекітілген кестеге сәйкес Жылы су ауылдық округінен басталды.
Жиында аудан басшысы алдыңғы тоқсанда тұрғындар тарапынан айтылған мәселелердің орындалуымен таныстырып, атқарылар жұмыстардың жоспарымен бөлісті.
Нақтырақ айтар болсақ, округ аумағынан өтетін ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын Жылы су – Мырзашоқы автомобиль жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық аурухананың алдындағы Көрікті көшесі тұсына тоқтауға тиым салынатын жол белгісі орнатылған.
Баққоныс елді мекеніндегі ауыз су ұңғымасынан тоқсан сайын «Ұлттық сараптама орталығы» тарапынан сынамалар алынып, ауыз судың құрамы нормативтік талаптарға сәйкестігі жөнінде уәкілетті орган тарапынан рұқсат берілген. Ал, «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында Сейфуллин елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 3,96 шақырымды құрайтын Сағырбаев, Жубауов, Беспаев, Тоқтаров, Курортная, 8 Наурыз, Аманбеков, Сейфуллин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары толығымен жүргізіліп, пайдалануға берілген.
Одан бөлек, кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру, кіріс көздерін ұлғайту бойынша тиісті талдаулар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 839 салық салу нысанының 404-нің мүлік құны қайта бағаланып, нәтижесінде 56,7 млн теңге өндірілді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Қосымша түскен қаржы есебінен аталған жобаларымыз іске асырылатын болады.
Сонымен қатар, жалпы өңірлік өнім көлемі 2019 жылдан бері 1,6 есе өсіп, былтыр 153,4 млрд теңгеге жетсе, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 33,5 млрд теңгені құрап отыр.
Құрылыс жұмыстарының көлемі де 1,6 есе өсіп, былтыр 8,9 млрд теңгеден асып, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында 1,8 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды.
Сондай-ақ, былтыр негізгі капиталға 15,1 млрд теңге инвестиция бағытталса, биылғы 6 айда 9,7 млрд теңге инвестиция тартылған.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан айтылған қосымша ұсыныс-пікірлерлер хаттамаға енгізіліп, жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар берілді, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
ЖЕТІСАЙ: АУДАН ӘКІМІНІҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІ ЖЫЛЫ СУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕН БАСТАЛДЫ
