Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан тұрғындарымен кезекті кездесу жиыны түс ауа Қоғам және Қарғалы ауыл округтерінде жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, қос ауыл округінде көтерілген мәселелердің іске асу барысы туралы айтып өтті.
Аталған ауыл округтерінде қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі ағын су тапшылығы болып отыр. Шаруалардың егістік жерлеріне ағын су жеткізу үшін «Қызыл-Ту» насос станциясынан 6 дана СНП насосы іске қосылған. Алайда елді мекендердегі ағын су тапшылығы мұнымен толық шешімін табады деген сөз емес. Осы мақсатта Д.Алтынбеков каналын бетондау жұмыстарын жүргізу жұмыстары қолға алынып, бүгінде демеушілер есебінен жобалық сметалық құжаты дайындалуда. ЖСҚ дайын болған соң қаржыландыруға «Қазсушар» РМК-на ұсынылады.
Мұнан бөлек Мыңшұқыр ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің артындағы жол бойы жарықтандырылып, Қоғам ауылындағы Бескепе көшесін орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2024 жылы аудандық бюджетке қаржыландыруға ұсыну жоспарлануда. Сондай-ақ, Талапты елді мекеніндегі ауылдық амбулаторияның құрылысына биыл облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жылы аудандағы 5 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу және бірнеше ауыз су нысандарына насос жиынтықтарын сатып алу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Аталған елді мекендердің қатарында Отырар ауылы да қамтылған. Сонымен бірге Қоғам елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу және Отырар елді мекеніндегі ішкі көшелерге аяқ жолдар салу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, Талапты елді мекеніндегі Ж.Смайлов және Қарғалы елді мекеніндегі Қарғалы-2 көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Отырар ауылындағы "Ауыл- Ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында Т.Ибрагимов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында Қоғам ауылының тұрғындары А.Мәмбетәлі, Ә.Аққұлов, Н.Додабаев, А.Тілеуовтар мен Отырар ауылының тұрғындары Е.Шынтереков, Н.Ердемқұл, С.Дүйсенбаев, Ж.Исаевтар ағын су жеткізу, ауыз су жүйелерін жөндеу, газдандыру жұмыстары туралы көкейдегі сауалдарын қойды. Аталған мәселелерді мұқият тыңдаған аудан басшысы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды, деп хабарлайды Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
ОТЫРАР: АУДАН ӘКІМІ ТҮС АУА ҚОҒАМ ЖӘНЕ ҚАРҒАЛЫ АУЫЛ ОКРУГТЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
