Бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан халқымен кезекті кездесуі Отырар және Талапты ауыл округтерінде өтті. Алдымен Арыс елдімекенінде болып тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған аудан басшысы бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалуы туралы айтып берді.
Ауыл халқымен ақпан және мамыр-маусым айларында өткен басқосуда Шәуілдір-Арыс елді мекеніндегі А.Құлбатыров және Қ.Төлбасиев көшелеріне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу туралы мәселе көтерілген болатын. Аталған мәселеге байланысты 2023 жылы бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылуда. Конкурс аяқталған соң құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар Талапты ауыл округіне қарасты Ынталы елді мекеніндегі тұрғындардың өтінішіне сәйкес Дәрімбеков көшесінің бойына жаңадан трасформатор орнатылып, электр қуаты қалыпты берілуде. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында Шытты елді мекенінде фельдшерлік амбулаториялық пунктін салу үшін бүгінде жобалық сметалық құжаты әзірленуде. 2024 жылы нысан құрылыс салу жоспарлануда.
Ағымдағы жылы Арыс ауылындағы П.Қалыбеков, Б.Қабылов, Ә.Смайлов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.
Қос ауыл округіндегі кездесуде ауыл тұрғындары Асан Тәліп, А.Досымайылов пен талаптылық Қ.Расиллаев, С.Смайлов, С.Иманбердиевалар Арыс елді мекеніндегі С.Ағыбаев көшесіне аяқжол салу, К.Момбеков көшесін және Көкмардан елді мекеніндегі Бейбітшілік пен Д.Жезмырзаев көшелерін асфальттау жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Аталған мәселелерді өз бақылауына алатынын айтқан аудан әкімі жауапты сала басшыларына заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды, деп хабарлайды Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.