Шымкентте соңғы бес жылда 3 млн. 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынған және оның 2 миллионы соңғы екі жылда берілді.
-Ендігі кезектегі межеміз - жыл сайынғы тұрғын үй көлемін 2 млн. шаршы метрге жеткізу. Ол үшін құрылыс алаңын бірінші кезекте инфрақұрылыммен дер кезінде қамтуымыз қажет, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Астана қаласында өткен ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінінің баспасөз брифингінде.
Бүгінде тұрғын үй кешенін тұрғызу мақсатында құрылыс аумақтары айқындалып, инженерлік жүйелерді жобалау жұмыстары басталды.
Биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 4 445 отбасы баспанамен қамтылады. Алайда мемлекеттік бағдарламадан тыс қалып отырған әлеуметтік санаттағы азаматтар да бар.
Айта кететін, биыл Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 2833 пәтер жоспарланған. Оның ішінде 1621 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеңілдетілген несиелік бағытта үлестіріледі. Бұл тұрғын үйлер «2-10-20 Бақытты отбасы» және «5-20-25» несиелік бағдарламалары бойынша Отбасы банк арқылы тапсырылады.
2023 жылы 8 көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, кіреберіс алаңы, жертөлесі және қасбеттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Атап айтқанда:
• Күншығыс ш.а., №11;
• Күншығыс ш.а., №14;
• Күншығыс ш.а., №40;
• Теріскей ш.а., №31;
• 17 ш.а., №14;
• 17 ш.а., №16А;
• 18 ш.а., №53;
• Ғ.Іляев көшесі №113/5;
Биыл Шымкентте 73 азамат қайтарымсыз тұрғын үй сертификаты арқылы баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар-17, ерекше бала асыраушы отбасылар – 54, толық емес отбасылар саны- 2. Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау жүргізілуде.
Қайтарымсыз 1 млн. теңге әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушінің және отбасы мүшелерінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 125 757 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді.
Аталған санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін «Қамқор» жергілікті тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Айта кетейік, бағдарламаның биылғы конкурсына 150 лимит бөлінген, мәселен мұндағы «Қамқор» бағдарламасының шартына сәйкес қатысушы азамат 20 миллион теңгеге дейін 5 пайыздық жеңілдетілген несиемен баспаналы бола алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 млрд. теңге бөлінді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.