Теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады.
Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде.
Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір сағатына 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал сағат сайын 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады.
Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір бірінші, екінші қабаттың демонтаждау жұмыстары басталды. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қалаға сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Шымкент сити шағынауданында Конгресс-холл бой көтеріп келеді.
Қазір мұнда әрлеу, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа 200-ден астам жұмысшы, 20 техника жұмылдырылуда.
5 блоктан тұратын 3 қабатты, ғимаратта 2066 орындық көрермен залы, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз орталығы, 148 орындық асхана қарастырылған.
Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Көп салалы орталық ретінде іске қосылатын ғимаратта халықаралық конференциялар, фестивальдар мен концерттік бағдарламалар, өзге де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы қаладағы 4 репродукция орталығы арқылы іске асырылады. Сонымен қатар алдағы уақытта 200 төсектік перинаталдық орталықты салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.