Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен қаланың инвестициялық штаб отырысы өткізілді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
Қазіргі уақытта қала бойынша 524,7 миллиард теңгеге 143 жоба қаралып, сараптау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атайтын болсақ, 2023-2024 жылдар аралығында іске қосылуы жоспарланған түркиялық инвесторлардың бастамасымен сусындар зауыты, инвестициялық көлемі 5 млрд теңгені құрайтын автоклавты газдалған бетон жасау зауыты, темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, сутегі тотығы өндіретін зауыттарының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілу сатысында.
Әсіресе, биыл ашылуы тиіс ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және ПВХ-дан жаңбыр суағарларын өндіру зауытының құрылысы 60 пайызға дайын. Автомобиль әйнегін шығару зауыты, керамикалық тақталар өндірісі, көпфункцияналды қойма кешені де қаланың экономикалық даму көрсеткішін ілгерілететін тетіктердің бірі.
Сондықтан Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға мемлекет тарапынан қолдаулар кедергісіз көрсетілуі қажет екенін айтып, басқарма басшыларына жер және инфрақұрылымдық мәселелеріне қатысты тапсырмаларды жүктеді.
Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігін нығайтуда тұрақты кездесулер мен ең жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілуде. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 26,1 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бұл рекордтық көрсеткіш. Қазақстаннан Ресейге экспорт 25%-ға өсіп 8,8 млрд. долларды құрады.
Ал еліміздің мегаполисі Шымкент пен Ресей арасындағы экономикалық байланыс жылдан жылға артуда. Ресей инвесторларымен қалада ірі инвестициялық жобалар іске асып келеді. Мәселен, «Hevel Kazakhstan» ЖШС (Ресей) – инвестициялық құны 6,2 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы 50 МВт Күн электр станциясының құрылысы жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда ресейлік «Бона Файд Групп» ЖШС инвестициялық құны 60 млн. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 252 мың дана әйелдер фитнес киімдерін өндіретін жобаны бастап кетті. Өндіріс орны 2023 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, индустриалды аймақта «Гекса» ЖШҚ (Ресей/Қазақстан) - инвестициялық құны 3,2 млрд. теңгені құрайтын бірлескен жаңа жобаны қолға алмақ. Өндіріс орны қуаттылығы жылына 6 мың тонна тоқыма емес материалдар шығарады. Іске асыру мерзімі – 2023 жыл.Инвестициялық құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын, жобалық қуаттылығы жылына 300 мың м3 темір-бетон өнімдері, темір-бетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жобасы іске асады деп жоспарланған. Ресейлік «ДСК 17» ЖШС іске асыратын зауыт құрылысы 2024 жылы аяқталады.