Бүгінде Еңбекші ауданындағы Базарқақпа елдімекенінде бірқатар көше асфальттелуде. Ал Қараөткел көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 0,9 шақырымды құрайды.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертхана арқылы асфальт қабатының тығыздығы мен сапасы, қолданыстағы материалдардың талапқа сәйкестігі тексерілді.
Жыл соңына дейін аумақтағы 6,6 шақырымды құрайтын 11 көшеге асфальт төсеу жоспарлануда. Олар: Атауы жоқ No1,2,3,4,5, Кеңгір, Қараөткел, Балқан, Алай, Қызылата, Сазқұндыз көшелері.
Шымкент қаласы Тұран ауданы аумағында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер маңын ретке келтіру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін аула ішіндегі көшелерді асфальттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта кестеге сәйкес абаттандыру жұмысы:
- Желтоқсан көшесі №4,6;
- Бейбітшілік көшесі №20,22;
- Мангелдин көшесі №40;
- Отырар ш/а, 15/1;
- Байтұрсынов көшесі №59А;
- Жандосов көшесі №2 көп қабатты тұрғын үй ауласында жүзеге асырылып, аула ішілік көшелер ретке келтірілді және асфальтталды.
Шымкент қалалық Абай ауданына қарасты Самал-3 шағын ауданында бүгінде 27 мыңнан аса халық тұрады. Шағын аудан аумағында 6 801 жеке секторлы үй, 2 мектеп, 3 балабақша және 3 спорт алаңшасы орналасқан.
Самал-3 шағын ауданында 63 көшенің қазір 30-ы асфальтталған, 30-ына шағал тас төселген болса, үшеуі топырақ жол. Айта кетейік, 2025 жылға қарай шағын аудандағы асфальт төселген көшелер санын 100 пайызға жеткізу көзделуде. Мәселен, өткен 2022 жылы Б.Момышұлы көшесінің жалғасы 1,2,3,4, Құрманғазы, Қайсенов, Өскенбай, Ерубаев, Аманжолов, Баршын көшелері жөнделген. Биыл 15 көше жөнделеді деп күтілуде, сондықтан көрсеткіш 49 пайызды қамтиды.
Ал 2024 жылы 8 көше, 2025 жылы 10 көше жөнделсе, асфальтталу жұмыстары 100 пайызға қамтылған болып саналады.
Сонымен қатар биылғы жылы Яссауи көшесі жарықтандырылады. Сондай-ақ, 2024 жылы Сыздықов, Б.Момышұлы көшелері, 2025 жылы Б.Әлменов, Б.Саттарханов, Ж.Серікбаев, Ә.Тәжібаев көшесі жарықтандырылмақ.
Жалпы Самал-3 шағын ауданы 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен, талшықты интернетпен қамтылған.
Биыл жалпы қаладағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.