Еңбекші ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Еңбекші ауданы ТЖБ инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Шәріп Асқар Рысбекұлы және аудан волонтерларының қатысуымен Жұлдыз елді мекенінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Түсіндірме жұмыстарының мақсаты - төтенше жағдайларда болуы ықтимал апат оқиғалары кезінде алғашқы көмек көрсете білудің қарапайым жолдарын үйрету және улы газдан улану қауіпі салдарының алдын алу.
Іс-шара барысында азаматтық қорғау аға лейтенанты, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі, көп қабатты үйлердегі балалардың қауіпсіздігі мен улы газдың алдын алу кезеңдері бойынша ақпараттармен бөлісіп, төтенше жағдай кезінде қалай қорғану қажеттігін түсіндірді.
Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде төрт негізгі ережені сақтау керек. Бұл оқиға орнын тексеру, жәбірленушіні тексеру, жедел жәрдем шақыру және жәбірленушіні қайта тексеру. Алғашқы медициналық көмек әдетте оқиға орын алғаннан кейінгі алғашқы сәттерде жасалады.
Тамақтан улану кезінде:
Тамақтан улану кезінде көрсетілетін алғашқы көмек келесіні қамтиды: Асқазанды шаю. Тамақтан уланған кезінде асқазаннан улы тағамды шығару қажет. Ол үшін сода ерітіндісін дайындау керек (1,5 - 2 литр қайнаған жылы суға 1 ас қасық соданы еріту). Ерітіндіден аздап ішіп, содан кейін көмекейге дейін екі саусақты салу арқылы құсу рефлексін тудырады. Осы әркетті бірнеше рет қайталаңыз.
Улы газбен улану:
Жәбірленушіге уақытылы алғашқы медициналық көмек көрсету өте маңызды. Ол үшін:
-Зардап шегушіні тез арада ғимараттан (бөлмеден) таза ауаға шығару керек. Егер бұл мүмкін болмаса, оған газдан қорғайтын аспап немесе оттегі жастықшасын кигізу керек;
-Тыныс алуын жеңілдетіп, тыныс алу жолдарын құсықтан, сілекейден босату керек, тар киімді шешіп, тілін жұтып қоюының алдын алу үшін бүйірімен жатқызу қажет;
-Тыныс алуын қалпына келтіру үшін мүсәтір спиртін иіскету керек. Ауа температурасы төмен болса, аяқ-қолын ысқылау қажет.
-Зардап шеккен адамның жағдайы сіздің ойыңызша жақсы болғаннын күннің өзінде тез арада жедел жәрдем шақыру керек. Дер кезінде көрсетілген дәрігер көмегі кейіннен пайда болуы мүмкін асқынулардың алдын алады.
Жәбірленушінің жағдайы ауыр болса, өз бетіңізше оны қолдан дем алдырып, жүрек тұсыну массаж жасаңыз.