Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жастар орталығы ғимаратының алдында жастармен еркін форматта кездесу өткізді.
Ашық аспан астында өткен жиынға аудан аумағындағы ауыл, кент округтерден білім, мәдениет саласының жастары, жас кәсіпкерлер, ерікті жастар мен мүгедектігі бар жастар қатысты.
Еркін форматтағы кездесу барысында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы -Сіздердің кез-келген ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, еркін пікір алмасу біраздан бері жоспарымда болды. Жастар қоғамның қозғаушы күші болғандықтан осы кездесуде тың идеяларыңызды тыңдап, әрдайым қолдау көрсетуге әзірмін. Кез-келген сауалдарыңызды қойып, еркін пікір алмасуға шақырамын. Бұған дейінгі кездесуде көтерілген жастарға қажетті үйірмелер мен мектеп оқушылары бос уақытын тиімді өткізетін «Оқушылар сарайын» ашу жөніндегі ұсыныстарыңыз аяқсыз қалмады. С.Қожанов атындағы ескі музей ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздік. Жақын уақытта балалар шығармашылық үйіне арналып, пайдалануға беріледі,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жастар арасындағы жұмыссыздық, аудан көлемінде жастарды спортқа баулитын спорт нысандары мен мәдениет үйін салу, әлеуметтік педагогтар мен психологтардың жұмысын жандандыру, ауылдың санитарлық тазалығын күшейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Екі сағатқа жалғасқан кездесуде жастар ұтымды ұсыныстары мен сан түрлі бағытта сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды. Шолаққорған ауылының тумасы Ізбасар есімді азамат өзінің жеке кәсібін ашу мақсатында қайтарымсыз грант алғанын және ендігі кезекте компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашу үшін арнайы орын қарастырып беруін жеткізді.
Аудан басшысы бұл жөнінде Жастар орталығы ғимаратынан жай дайындап беру үшін орталық басшысына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ еркін форматта жастармен жиі жүздесуге дайын екендігін тілге тиек етті. Жиын барысында көтерілген әрбір мәселені назарға алып, тиісті жұмыстар жасалатынын айтып өтті.